
Аутизм деген не?
Аутизм — бұл ауру емес, мидың дамуының ерекше түрі. Мұндай балаларға сезімді түсіну, өз ойын жеткізу және айналасындағы адамдармен қарым-қатынас орнату қиынырақ болады.
Әр бала ерекше: кейбірі сөйлемейді, ал басқалары сандарды, әуендерді немесе ұсақ бөлшектерді керемет есте сақтайды.
Қашан назар аудару қажет?
Ата-аналар төмендегідей белгілерді байқаса, маманға жүгінген жөн:
-бала аты аталғанда жиі жауап бермейді, көзге сирек қарайды;
-сөйлемейді немесе бұрынғы сөздерін ұмытады;
-қолымен, ыммен қалауын көрсетпейді;
-басқа балалармен ойнаудан қашқақтайды;
-бір қимылды, сөзді немесе әрекетті жиі қайталайды.
Мұндай белгілер байқалса, күтудің қажеті жоқ. Ерте диагностика — баланың дамуына үлкен мүмкіндік береді.
Диагностика қалай өтеді?
Психикалық денсаулық орталығында баланың жағдайы халықаралық әдістермен (ADOS-2, ADI-R) кешенді түрде бағаланады.
Психиатр, психолог, логопед және дефектолог бірлесіп, баланың ерекшелігін анықтап, жеке оңалту бағдарламасын жасайды.
Ата-аналар есте сақтау керек:
Аутизм — үкім емес. Ерте көмек алған балалар сөйлеп, оқып, достар таба алады.
Ең бастысы — кінәлі іздемей, әрекет ету.
Махаббат, сабыр және кәсіби көмек — жетістікке апаратын үш тірек.