
Медициналық куәландыру — адамның денсаулығын бағалау үшін, оның ішінде психоактивті заттарды қолданған жағдайда немесе мас күйінде болуы мүмкін деген күдік туындағанда міндетті түрде жүргізілетін рәсім.
Психоактивті заттарды (ПАЗ) қолдану фактісін және масаң күйді анықтау мақсатындағы медициналық куәландыру Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы № ҚР ДСМ-203/2020 «Психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына 3-қосымшаға сәйкес жүргізіледі.
Медициналық куәландыру психикалық денсаулықты қорғау саласында қызмет жүзеге асыратын мемлекеттік медициналық ұйымдарда ғана жүргізіледі.
ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!
Медициналық куәландырудан өту кезінде Сіз төмендегі құқықтарға иесіз:
✓ Куәландыру жүргізу тәртібі мен мақсаты туралы ақпарат алуға.
✓ Тиісті медициналық білімі және медициналық куәландыру жүргізу мәселелері бойынша арнайы даярлығы бар медицина қызметкерлерінен куәландырудан өтуге.
✓ Жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі электрондық құжатты ұсынуға. Бұл ретте жеке басын куәландыратын құжаттың болмауы медициналық куәландыру жүргізуден бас тартуға негіз болып табылмайды.
✓ Куәландыру аяқталғаннан кейін оның нәтижелері бойынша түсіндірме алуға.
✓ Медициналық куәландыру қорытындысының бір данасын алуға.
✓ Зертханалық зерттеуге жіберілетін биологиялық үлгілерді алу, мөрлеу және таңбалау рәсімдеріне қатысуға.
✓ Нәтижелермен келіспеген жағдайда жазбаша өтініш негізінде қайта медициналық куәландырудан өтуге. Қайта куәландыру алғашқы куәландырудан кейін екі сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі.
✓ Зертханалық зерттеулердің нәтижелерін заңнамада белгіленген мерзімдерде алуға.
БІЛУ МАҢЫЗДЫ:
Медициналық куәландыру тәулік бойы жүргізіледі.
Куәландыру шұғыл медициналық көмекті қажет ететін тұлғаларды қоспағанда, жеткізілген немесе өз еркімен жүгінген барлық тұлғаларға жүргізіледі.
Кәмелетке толмаған азаматтарды куәландыру олардың заңды өкілдерінің (ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының) қатысуымен жүргізіледі.
Медициналық қорытындының негізі куәландырылатын тұлғаның психикалық және соматоневрологиялық жағдайын кешенді клиникалық бағалау болып табылады.
Заңнамада көзделген жағдайларда қосымша зертханалық зерттеулер немесе биологиялық орталарға экспресс-тестілеу жүргізіледі.
Алкогольдің болуын анықтау зерттеуі ресми тіркелген және метрологиялық тексеруден өткен өлшеу құралдарын пайдалану арқылы жүргізіледі.
Медициналық куәландыру қорытындысы Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына қатаң сәйкестікте шығарылады.
СІЗДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫҢЫЗ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЗАҢНАМАСЫМЕН ҚОРҒАЛҒАН